Несие алар алдында қандай қадамдарға мән беру керек? Интернет-алаяқтар мен қаржылық пирамидалардың арбауына түспеу үшін не істеу қажет? Қостанайда ұйымдастырылған кездесуде мамандар қаржылық сауаттылықты арттырудың маңызын түсіндіріп, азаматтарды алаяқтықтан қорғауға бағытталған жаңа тетіктер туралы айтты.
Өңірдегі «AFM Online 2026» интерактивті дәрісі ерекше форматта өтті. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы іс-шараны өңірге белгілі «Костанайские зори» ансамблі мың бұралған бимен ашты. Мұндағы мақсат - халыққа құқықтық және қаржылық сауаттылық жайлы жеңіл форматта, қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізу.
Сонымен қатар, жиында қаржылық сауаттылық мәселесі де көтерілді. Мамандар несие алар алдында әр азамат өз табысы мен шығысын нақты есептеп, қаржылық мүмкіндігін дұрыс бағалауы қажет екенін ескертті. Себебі кез келген несие тек негізгі қарыздан ғана емес, пайыз бен қосымша төлемдерден де тұрады.
Қазіргі цифрлық заманда қаржы қызметтері қолжетімді болғанымен, тәуекелдер де артып отыр. Соның ішінде қаржылық пирамидалар тез табыс уәде етіп азаматтарды қызықтырады, бірақ олардың негізгі мақсаты - жаңа қатысушылар есебінен пайда табу. Сондықтан кез келген инвестициялық ұсынысты мұқият тексеру қажет. Осыған байланысты мемлекет қаржылық қауіпсіздікті күшейту шараларын қолға алуда.
Ұлттық банк дерегіне сәйкес, 2026 жылдың басына дейін алаяқтық белгілері бар ондаған мың дерек тіркеліп, миллиардтаған теңге бұғатталған. Оның бір бөлігі зардап шеккен азаматтарға қайтарылған. Ал, Антифрод-орталығының мүмкіндігі кеңейтіліп, дерек алмасу күшейтілген. Алаяқтықты ерте анықтау үшін жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарлануда.