Қостанай облысындағы «Қайрақ» халықаралық автомобиль өткізу бекетінде көлік ағынының артуына байланысты кезек пайда болды. Қазіргі уақытта мемлекеттік шекарадан өту үшін шамамен 270 жүк және жеңіл көлік күтіп тұр. Бұл туралы Қостанай облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, көлік ағынының көбеюі маусымдық факторларға байланысты. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау көлемі артқан. Сонымен қатар жазғы демалыс пен мектеп каникулы кезеңінде жолаушылар саны да көбейген. «Өткізу бекетіне қосымша жүктеме басқа бағыттардан көлік ағындарының қайта бөлінуіне байланысты туындап отыр. Мемлекеттік шекарадан өту үшін бүгін шамамен 270 жүк және жеңіл автокөлік кезекте тұрған. Шекара қызметінің бөлімшелері штаттық режимде жұмыс істеп жатыр», – деп хабарлады ведомство. Шекара қызметінің мәліметінше, жүк көліктерінің уақытша жиналуы Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым», Ақтөбе облысындағы «Жайсан» және Павлодар облысындағы «Қосақ» өткізу бекеттерінде де байқалады. Осыған байланысты бірқатар тасымалдаушылар бағыттарын өзгертіп, балама жолдарды, соның ішінде «Қайрақ» өткізу бекетін пайдалануға көшкен. Ведомство өкілдері азаматтар мен көлік құралдарын өткізу белгіленген тәртіппен жүргізіліп жатқанын және өткізу бекетінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Қостанай облысында «Қайрақ» халықаралық өткізу бекетінен бөлек «Ақбалшық», «Обаған», «Аят», «Желқуар» және «Қоңдыбай» екіжақты автомобиль өткізу бекеттері жұмыс істейді.