Облыстық ауруханада «IVUS» аппаратының көмегімен жүрек қан тамырлары қабырғаларын зерттеу бойынша алғашқы тексеру жүргізілді. Бұл ультрадыбыстық әдіс дәрігерлерге артериялардың ішкі жағдайын тікелей көруге, тромбтар мен түйіндақтарды анықтауға және науқасты емдеудің дұрыс бағытын жедел белгілеуге мүмкіндік береді. Қостанай дәрігерлерін жаңа құрылғымен жұмыс істеуді Алматы қаласындағы Кардиология орталығының мамандары мен Қытайдан келген аппаратты әзірлеуші компания өкілдері үйретті.
Енді жүрек қан тамырларының қабырғаларын зерттеу үшін рентген қажет емес. Жаңа ультрадыбыстық әдіс облыстық аурухана дәрігерлеріне артериялардың жағдайын монитор арқылы көруге мүмкіндік береді. Құрылғы қан тамырлары жүйесіне өте кішкентай тілік арқылы енгізіледі.
Алғашқы зерттеуді қостанайлық дәрігерлер Алматыдағы кардиология орталығынан келген әріптестерінің жетекшілігімен өткізді. Сонымен қатар Қостанайға осы жабдықты әзірлеген компанияның өкілі де келді. Мамандар дәрігерлерді қондырғымен жұмыс істеуге үйретіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Қазіргі уақытта мұндай диагностикалық әдіс тек Астана мен Алматы қалаларындағы ауруханаларда ғана қолданылып келеді. Қостанай осы тексеру түрі қолжетімді болған елдегі үшінші қалаға айналды. Бұған дейін артериялардың жағдайын анықтау үшін қан тамырлары жүйесіне арнайы сұйықтық енгізу арқылы коронарография жасалатын. Ол рентген суреттерінде жүрек артерияларының жағдайын, тамыр қабырғаларының тарылуын немесе тозуын көрсетуге мүмкіндік беретін.