Араның қоршаған ортаға да, адам өміріне де тигізер пайдасы зор екені мәлім. Қостанайда 40 жылдан астам уақыт бойы омарта шаруашылығымен айналысып, өнім алып отырған маман бар. Бүгінде Базарбай Бекмағамбетов жинаған балға алыс-жақын шетелден сұраныс көп. 

Базарбай Бекмағамбетов 1985 жылдан бастап омарта шаруашылығымен айналысып келеді. 41 жыл ішінде шаруаның қызығын да, қиындығын да көрген. Көп жылдық тәжірибесінің арқасында араның қай уақытта оянатынын, қайсысының қалай әрекет ететінін 5 саусағындай біледі. 

Әр омарта бір мемлекет. Өз ережесі мен тәртібі бар. Оны сақтамағандар омартадан шектетіледі. Бұл жәндіктің жақсы тұсы күн суытқан уақытта тамақты аса қажет етпейді. Қыстап шығу үшін бір рет бал берілсе, жеткілікті. Ал, жылдың басқа кезеңінде гүлден шырын алып, өз бетінше қоректенеді. 

Бал арасының бабын тапқан омарташы өз әулетінде осы салаға бет бұрған жалғыз адам. Қазіргі күні балаларын да ара шаруашылығына баулып келеді. Маманның айтуынша, ала жәндіктің қоғамға пайдасы зор. Бүгінде буын сырқырағанда, денені әлсіздік билегенде арамен емдеу әдісі ұсынылады. Одан бөлек, балауыз бен тозаңнан да түрлі дәрі-дәрмектер дайындалады.