Қостанай облысында Тобыл өзеніндегі іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды, деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. Еске салсақ, 14 маусым күні Қостанай ауданының Алтын Дала ауылы маңындағы Тобыл өзенінде шомылуға тыйым салынған жерде екі адамның суға кету фактісі тіркелді. Олардың бірі – 2020 жылы туған бала.
Мәлімет бойынша, олар өзен жағасында демалып отырған кезде бала су жиегінде ойнап жүріп, қатты ағыс аймағына түсіп кеткен. Оқиғаны көрген атасы немересін құтқаруға ұмтылғанымен, өзеннің қатты ағысы екеуін де ағыс бойымен алып кеткен. Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 16 маусым күні Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері баланың денесін оқиға орнынан өзен ағысымен шамамен 1,5 шақырым төмен жерден тауып, судан шығарды. Сондай-ақ, 1967 жылы туған ер адамның денесін өзен ағысымен шамамен 5 шақырым төмен жерден тауып, судан шығарды. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері, полиция қызметкерлері, жедел медициналық жәрдем бригадасы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және еріктілер тобы, жергілікті тұрғындар көмек көрсеткен.