Қостанайда алдағы жылдары арнайы веложол салынады. Бұл жайында жолаушылар тасымалы және автомобиль жолы секторының меңгерушісі Нұрсұлтан Бейсенов қала әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде айтты. Бұл бастама тұрғындардың қала ішінде еркін жүріп-тұруы үшін және қауіпсіздік пен экологияны қорғау мақсатында қолға алынбақ.
Қазіргі күні Қостанай қаласында 7,5 шақырым веложол салынған. Олар Триатлон саябағында, Юбилейный шағын ауданында, Қостанай-2, Әуежай шағын аудандарының жол жиегінде, Қонай шағын ауданында, Қостанай өңірлік университеті саябағының аумағында және Алтын арман шағын ауданында орналасқан. Қала билігі болашақта веложол инфрақұрылымын қарқынды дамытуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта биылғы ақпанда конкурс жарияланып, жобалаушы ұйыммен келісім-шарт бекітілген. Шаһар басшысы Марат Жүндібаевтың тапсырмасымен әкімдік қызметкерлері Татарстан Республикасындағы Альметьев қаласына жұмыс сапарымен арнайы барып, тәжірибе алмасып келген.
160 мыңнан астам халқы бар Альметьев қаласы велосипед инфрақұрылымын дамытуда ТМД көлемінде ең сәтті мысалдардың бірі. Қаланың велоинфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасын осы саладағы әлемдік көшбасшы саналатын даниялық компания әзірлеген. Жобаны іске асыру нәтижесінде аталған шаһар велосипед инфрақұрылымының
жетілдірілген және жан-жақты үлгісін жасап, «алтын стандарт» ретінде беделге ие болған.
Тамыз айында жоба бойынша оң сараптама қорытындысын алу жоспарланып отыр. Марат Жүндібаевтың айтуынша, жыл соңына дейін конкурстық рәсімдер өткізіліп, мердігер ұйым анықталады. Ал келесі жылы бұл жобаны жүзеге асыруға кірісеміз, деді қала әкімі.