Қостанайда «Мирас» мәдениет үйі маңында және Солтүстік-Батыс ауданында жаңа демалыс аймақтары ашылады. Саябақтар саны артып, «Таза Қазақстан» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жалғасады. Бұл туралы шаһар басшысының қатысуымен өткен жиында айтылды.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау, қаланың санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бағдарламаға мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар, білім беру ұйымдары, қоғамдық ұйымдар, еріктілер және қала тұрғындары белсенді қатысуда.
Облыс орталығында саябақтар мен демалыс орындарын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде Қостанайда төрт саябақ жұмыс істеп тұр. Солардың бірі - аумағы 39 гектарды құрайтын Триатлон саябағы. Ол ең алдымен спорттық бағыттағы нысан ретінде дамытылып келеді. Мұнда 38 жаттығу құрылғылары орнатылған, бейнебақылау жүйесімен жабдықталған және 300 автокөлікке арналған тұрақ қарастырылған. Болашақта саябақта теннис корттары мен садақ ату алаңын салу жоспарланып отыр. Жобаларды жүзеге асыруға жеке инвесторлар тартылмақ.
Сонымен қатар қалалық жағажай мен жағалау аймағын біріктіретін біртұтас демалыс кеңістігі қалыптастырылды. Тамыз айында заманауи стадион пайдалануға беріледі. Онда халықаралық стандарттарға сай жүгіру жолақтары төселіп, түрлі спорт түрлеріне арналған алаңдар салынады.
Қаланы жасыл желеке бөлеу жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда. 2023 жылдан бері 20 мың түп ағаш отырғызылып, олардың 98 пайызы жерсініп кеткен. Бұл көрсеткіш көгалдандыру жұмыстарының тиімділігін көрсетіп отыр. Жалпы, Қостанайда жүргізіліп жатқан жұмыстар қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Қала жылдан-жылға көркейіп, жасыл әрі заманауи шаһарға айналып келеді.