Өткен аптада Қостанай облысы аумағында 18 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 2 адам қаза тауып, 25 адам түрлі жарақат алған. Жол апаттарының негізгі түрлері – жаяу жүргіншіні қағу, көлік соқтығысуы және аударылу жағдайлары.
Атап айтқанда, 4 жаяу жүргіншіні қағу, 2 велосипедшімен соқтығысу, 3 көліктің аударылуы, 8 көлік соқтығысуы, және 1 жануарды қағу дерегі тіркелген. Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес 12–14 маусым аралығында республика көлемінде профилактикалық іс-шаралар өтті. Түнгі дрифт, жарыс және жол ережесін бұзудың алдын алуға бағытталған рейдтер кешкі 20:00-ден таңғы 06:00-ге дейін жүргізілген.
Нәтижесінде 273 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 27 жүргізуші мас күйінде көлік басқарған, 106 адам қауіпсіздік белдігін тақпаған, 18 жүргізуші көлік жүргізу құқығы жоқ бола тұра рөлге отырған, ал 14 азамат тыныштықты бұзғаны үшін жауапқа тартылды.
Қостанай облысында жол қозғалысы ережелерін бұзу мен қоғамдық тәртіпке байланысты бірнеше құқық бұзушылық дерегі тіркелді. Соның бірі – мас күйінде көлік басқару салдарынан болған жол апаты.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері әлі де жиі тіркелуде. Мамандар мұндай әрекеттердің салдары ауыр болатынын ескертіп, жүргізушілерді жол ережесін қатаң сақтауға
шақырады.