Арқалықта ескі ғимараттарға жаңа тыныс берілуде. Көп жылдан бері қараусыз қалған нысандар қайта жаңғыртылып, қала өмірінің маңызды орталықтарына айналып келеді. Өткен жылы ауқымды жөндеуден кейін қалалық Мәдениет сарайы қайта ашылса, биыл Арқалық педагогикалық университетінің екінші корпусы пайдалануға беруге дайын. 

Жаңартылған Мәдениет сарайының қабырғаларын жылқы, қыран құс, қазақ арулары мен батырлардың бейнелері айшықтайды. Ішкі безендіру ұлттық нақышта жасалып, кіреберісте Алматыдан арнайы әкелінген туындылар орналастырылған. Дегенмен өзгеріс тек сыртқы келбетпен шектелмейді. Жөндеуден кейін мұнда 13 жаңа үйірме ашылып, жастарға 45-тен астам шығармашылық және білім беру бағыты ұсынылып отыр.

Бүгінде мұнда журналистика, театр, хореография, дыбыс жазу, қолөнер үйірмелері жұмыс істейді. Сондай-ақ IT бағыттары мен ғылыми жобаларға арналған үйірмелер де бар.

Ал, мына ғимарат осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын бос қалған болатын. Бұрын мұнда ауыл шаруашылығы басқармасы орналасқан. Бүгінде нысан толық жаңартылып, студенттерді қабылдауға дайын. Мұнда Арқалық педагогикалық университетінің екінші оқу корпусы орналаспақ.

Айта кетейік, өткен жылы Арқалық педагогикалық институты университет мәртебесін алды. Жаңа корпустың іске қосылуы оқу орнының мүмкіндігін одан әрі кеңейтпек. Соңғы үш жылда қалада 30-дан астам әлеуметтік нысан жаңғыртылды. Сондай-ақ өңірде алғаш рет «Келешек мектептері» форматындағы білім ошағы ашылды.