Қостанай ауданының Алтын Дала ауылы маңындағы Тобыл өзенінде алты жастағы бала мен атасы суға батып кетті. Қайғылы жағдай кеше, 14-ші маусым күні болған. 

Алдын ала мәлімет бойынша, отбасы өзен жағасында демалып отырған кезде бала су жиегінде ойнап жүріп, қатты ағыс аймағына түсіп кеткен. Оны көрген атасы немересін құтқаруға ұмтылған. Алайда, тілсіз жау оны да ағыс бойымен алып кетсе керек. Оқиға орнына Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері, полиция қызметкерлері, жедел медициналық жәрдем бригадасы және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жедел түрде жеткен. Іздестіру-құтқару жұмыстарына 40-қа жуық жеке құрам қызметкері, 13 бірлік техника, екі жүзу құралы және бір ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды. Іздестіру басталғалы су айдынының акваториясында жалпы көлемі 32 мың шаршы метр аумақ тексерілді. Үш сүңгуір тобы жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта іздестіру жұмыстары жалғасуда, делінген облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.