6697 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеген ұландықтар ұлықталды. Сарбаздар міндеттерін абыроймен атқарып, бір жыл бойы мерзімді әскери қызметтен өтті. Олар Арқалық қаласында су тасқынына қарсы шараларға да жұмылдырылған. Биыл әскери борышын өтеу барысында жоғары оқу орындарына түсуге дайындалып, 47 сарбаз тегін білім гранттарына ие болды. 

Отан алдындағы борышты өтеу - әрбір ер азаматтың парызы. 6697 әскери бөлімінің 2025 жылғы 1 шақырылымы үшін ерекше күн. Себебі бұл -1 жыл бойғы абыройлы қызмет ұлықталатын уақыт. Мерзімді қызмет барысында қайсарлық, тәртіп және табандылықпен көзге түскен сарбаздар арнайы марапатқа ие болды.

Биыл Қостанай облысында әскери борышын өтеу барысында жауынгерлік дайындық пәндері бойынша алған жоғары бағалары есептеліп, 47 сарбаз білім грантына ие болды. Бұл -ел бойынша сарбаздарға беріліп отырған жақсы мүмкіндік. Олардың бірі Айберген Шымберген. Астана қаласынан келген сарбаз әскери билетімен бірге Еуразия ұлттық университетінің гранты иегері атанып отыр. 

Яғни, әскери борышын өтеу барысында арнайы жоғары оқу орнына дайындалуға уақыт берілген. Жыл соңында емтихан тапсырылып, қорытындылары шығарылған. Табысталған сертификат арқылы жоғары оқу орнында тегін оқу мүмкіндігі беріледі. 

Ұлттық ұлан сапындағы сарбаздар 1 жыл бойы әскери борышын өтеу барысында қоғамдық тәртіпті қадағалау, түзеу мекемелерінде күзет қызметін атқару, сондай-ақ облыс аумағындағы төтенше жағдайларға жұмылдырылды. Енді, міне, өз өңірлеріне 200 сарбаз абыроймен, арнайы марапаттармен қайтып барады. 

шум