ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ЖҰМЫС САПАРЫ
Арқалық қаласындағы электр желілері биылдан бастап кезең-кезеңімен жаңарады. Қазір олардың 95 пайызының әбден тозығы жеткен. Облыс әкімі жүргізілетін реконструкциялық жұмыстардың арқасында тозу деңгейін 84 пайызға дейін төмендету мүмкіндігі бар екенін айтты. Құмар Ақсақалов сапар барысында Арқалық қаласындағы жаңартылғалы отырған жанармай құю бекеттерімен де танысты.
Бүгінгі таңда ірі жол жобаларының бірі – республикалық маңызы бар «Орталық – Батыс» автомагистралінің құрылысы. Жаңа тас жолдың іске қосылуымен Арқалық арқылы өтетін көлік ағыны да артады. Соған байланысты жол бойындағы жанармай құю станциялары да заманауи болуы шарт.
Қала арқылы өтетін көлік саны артқан сайын жол бойы сервистеріне деген сұраныс та көбейеді. Бүгінде Арқалықта KST Trade желісінің 5 жанармай құю станциясы және «Мұнай Өнімдері» компаниясының бір жанармай бекеті жұмыс істейді. Алайда жаңа магистраль іске қосылғаннан кейін бұл жеткіліксіз болуы мүмкін. Сондықтан инвесторлар Арқалық пен Амантоғайда заманауи жанармай құю кешендерін салу мүмкіндігін қарастыруда.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Арқалық ЖЭО-ға да барды. Бүгінде мұндағы тозу деңгейі 90–95 пайызға жеткен. Көптеген коммуникациялар кеңестік кезеңнен бері пайдаланылып келеді. Электр және жылу желілерін жаңғыртуға алдағы үш жылда 9 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның 3 миллиардтан астамы биыл бөлінбек.
Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейі шамамен 10 пайызға төмендейді деп күтілуде. Бұл өз кезегінде шығын көлемін азайтуға мүмкіндік береді, – дейді жергілікті жылу энергетикалық орталығының өкілдері.