Қостанайдағы «Осьминог» аквапаркінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл – Қазақстандағы жабық типтегі ең ірі демалыс кешендерінің бірі болмақ. Жаңарған ғимараттың жалпы аумағы бұрынғы нысанмен салыстырғанда екі есеге, ал су бассейндерінің көлемі үш есеге ұлғайған.
Қостанайдағы «Осьминог» аквапаркінің құрылысы 70 пайызға аяқталды. Ауқымды нысан іске қосылғанда, бір мезгілде 500-ге жуық келушіні қабылдай алады. Сондай-ақ, мұнда 100-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Бүгін өңір басшысы құрылыс алаңына арнайы барып, жұмыс қарқынымен танысты.
Айта кету керек, бұл нысанның құрылысы – жергілікті жұртшылық көптен күткен жаңалық. Ауқымды кешен ішінде балаларға арналған аймақ, заманауи дәмханалар мен фуд-корт ашылады. Ал ең бастысы, мұнда келушілер үшін түрлі деңгейдегі бассейндер.
Қазір құрылыс басында қарбалас. Мердігерлер ғимараттың қасбетін әрлеп, ішкі инженерлік желілерді тартып жатыр. Сондай-ақ, бассейндердің негізі құйылып, еденді плитамен қаптау жұмыстары жүруде. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов нысанның сыртқы келбеті мен
айналасын абаттандыру мәселесіне ерекше назар аударды.
Мердігер ұйым өкілдерінің сөзіне сүйенсек, құрылыс жұмыстары тамыз айында толық аяқталуы тиіс. Облыс әкімі бұл кешенді жоба сәтті жүзеге асса, аймақ тұрғындары мен қала қонақтары үшін ең қолайлы әрі сүйікті демалыс орнына айналатынын жеткізді.