Отбасының ойранын шығарып, қит етсе жұдырық ала жүгіретіндерді оқшаулау тәсілі тиімділігін көрсетіп отыр. Жыл басынан бері өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылық 51,6 пайызға азайған. Уақытша тұруға мүмкіндігі бар 3 кешенді қолдау орталығы қазіргі уақытта Қостанай, Рудный және Арқалық қалаларында жұмыс істеп тұр. Бес айдың ішінде бұл орталықтарға 66 зардап шеккен азамат орналастырылған, оның 39-ы балалар. Олардың барлығына қажетті психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетілген.
Бір кездері олар да бақытты болған. Бір бірін ұнатып, шаңырақ көтерді, балалы-шағалы болды, ел қатарлы тұрмыс кешті. Бірақ, жылдар өте келе араларында түсініспеушілік туындай бастады. Кикілжің жиілеп, ыдыс-аяқ сылдырлай бастады. Ал, күндердің күнінде отағасы жұбайына жұдырық ала жүгірді. Кейін, ол әдетке айналды. Ақыры, отбасының шырқы бұзылып, ажырасып тынды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі ел Президентін де алаңдатты. Мемлекет басшысы осыған қатысты нақты тапсырма жүктеді. Заң алдында хан да, қара да бірдей. Тәртіп болу керек, деді. Түрлі шаралар қабылданып, орындала бастады. Нәтиже бар.
Жыл басынан бері Қостанай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін 2500-ден астам заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 4 мыңнан астам қорғау нұсқамасы шығарылған. Бұдан бөлек, биыл алғаш рет жанжал шығарушыны психологиялық түзеу тәжірибесі белсенді қолданыла бастады. Ішкі істер органдарының бастамасымен сот шешімі бойынша 197 адамға психологиялық көмек тағайындалып, оның 178-і арнайы бағдарламадан өткен. Полицейлер бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ерекше бақылауда екенін атап өтті.