Мас күйде көлік тізгіндеу де, қоғамдық тәртіпті бұзу да ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Осындай жағдайларда азаматтар арнайы медициналық куәландырудан өтеді. Қостанайда бұл жұмысты облыстық психикалық денсаулық орталығының мамандары атқарады. Мұнда күн сайын 50-ге жуық адам жеткізіліп, олардың алкоголь немесе есірткілік заттардың әсерінде болған-болмағаны анықталады.

Жүргізушінің мас күйде болғанын анықтау - жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды тетіктердің бірі. Кейбір азаматтар жол бойында алкотестерден өтсе, енді бірі нәтижемен келіспей медициналық куәландыруға жүгінеді. Ал тексеруден мүлде бас тартқандар заң аясында жауапкершілікке тартылады.

Мамандардың айтуынша, орталыққа күніне 30-50 адам жеткізіледі. Ал, орталық жанындағы уақытша бейімдеу және детоксикация бөлімінде орташа дәрежеде масаң күйдегі адамдар дәрігерлердің бақылауында кемінде үш сағат немесе толық есі кіріп, жағдайы қалпына келгенге дейін болады.

Мамандар жолға шығар алдында әр жүргізуші өз қауіпсіздігімен қатар өзгенің де өміріне жауапты екенін ескеруі қажет дейді. Ал медициналық тексеріс азаматтардың құқықтарын сақтай отырып, заң талаптарына сәйкес жүргізіледі.