14 маусым күні Қостанай ауданының Алтын Дала ауылы маңындағы Тобыл өзенінде қайғылы оқиға тіркелді. Шомылуға тыйым салынған жерде екі адамның суға кеткені анықталды. Олардың бірі – 2020 жылы туған бала.
Алдын ала мәлімет бойынша, бала өзен жағасында ойнап жүріп қатты ағысқа түсіп кеткен. Оны құтқаруға ұмтылған атасы да суға кетіп, екеуін ағыс алып кеткен.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары, полиция қызметкерлері, жедел жәрдем бригадасы және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмылдырылды.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына 40-қа жуық маман, 13 бірлік техника, екі жүзу құралы және ұшқышсыз ұшу аппараты тартылған. Қазіргі уақытта үш сүңгуір тобы жұмыс істеп жатыр. Іздеу барысында су айдынының 32 мың шаршы метрден астам аумағы тексерілді.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға және шомылуға тыйым салынған орындарға бармауға шақырады.