Арқалық қаласында күрделі жөндеуден өтіп жатқан Мұхтар Әуезов атындағы №5 мектепте болған өрттің салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Шаһарға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа өрттің шығу себебі анықталып, келтірілген шығын көлемі есептелгені туралы мәлімет берілді.
Арқалық қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы №5 мектеп 1973 жылы салынған. Өткен жылдан бері мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда 26 мамыр күні нысанда өрт шықты. Жалын 1100 шаршы метр аумақты қамтыған шатырды шарпыды. Мамандардың анықтауынша, оттың тұтануына дәнекерлеу жұмыстары себеп болған. Жұмыс барысында қауіпсіздік техникасының талаптары бұзылған.
Қазір мамандар ресми сараптама қорытындысын күтуде. Осыдан кейін мердігер ұйым өз қаражаты есебінен қалпына келтіру жұмыстарына кіріседі. Алдын ала есеп бойынша өрттен келген шығын көлемі 80 миллион теңгені құрайды.
Бүгінде №5 мектепте 230-дан астам оқушы білім алады. Биыл жаңғырту аясында акт залы, спорт залы, асхана және асхананы акт залымен жалғайтын дәліз жаңартылмақ.