Жуырда Арқалық тұрғындары Астана мен Қостанайға 10 мың теңгеге қатынай алатын болады. Моноқалада әуежайды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар теміржол вокзалы жөнделіп, «Орталық - Батыс» автожолының ауқымды жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жұмыс сапарымен шағын шаһарға барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов инфрақұрылымдық маңызды жобалардың жүзеге асу барысымен танысты
Өңірде Президент пәрменімен қолға алынып жатқан аса маңызды жобалардың бірі Арқалық әуежайын қайта құру. Жобаның жалпы құны 20,2 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде: автономды қазандығы бар терминал құрылысы - 10,0 млрд теңге, «Ұшу-қону» жолағын, рульдік жолды және перронды қайта құру - 10,2 млрд теңге. Әуежай құрылысы қарқынды. Ұзақ жылдар бойы бос жатқан аумақ қайта жанданған. Ұшақтардың ұшу-қону алаңдарында да қарбалас жұмыстар жүргізіліп жатыр. Арқалық теміржол вокзалын қайта құру жұмыстары да аяқталуға жақын. Ғимарат аумағы 1771,2 шаршы метрді құрайды. Жөндеу жұмыстарына «Самұрық-Қазына» Акционерлік қоғамы 833 миллион теңге бөлген. Қазіргі уақытта нысанның жылыту, кәріз және желдету жұмыстары аяқталған. Шатырды ауыстыру 100, сыртқы қасбет 95, ал ішкі әрлеу 90 пайызға орындалған.
Облыс әкімі бұдан соң республикалық маңызы бар жолдардың құрылысымен танысты. Олар: «Жезқазған - Арқалық - Петропавл» және «Орталық - Батыс» автомобиль жолдарының құрылыс жобалары. Жаңа «Орталық - Батыс» автокөлік жолын салу жобасы Мемлекет басшысының ұлттық Құрылтайда берген тапсырмасы бойынша жүзеге асуда. Бұл жол пайдалануға берілгенде Астанадан Арқалық арқылы Ырғызға дейінгі қашықтықты 560 шақырымға қысқартады.