Облыста тұңғыш рет көзі тірі тұлғаның өмірі мен қызметіне арналған ғылыми еңбек қорғалды. Тұлғатану бағыты бойынша жазылған магистрлік диссертация ғұмырлы соғыс ардагері, айтыскер-ақын, педагог әрі журналист Қасымхан Алдабергеновке арналған. Көзі тірісінде тұлғалық деңгейі ғылыми айналымға енген ардагердің бұл еңбегі отандық ғылымдағы бірегей жаңалық болып отыр.
Соғыс ардагері Қасымхан Алдабергеновтің есімі елге педагог, айтыскер-ақын ретінде мәшһүр. Бүгін оның өмірі мен қызметі жайында магистрлік диссертация қорғалды. Бұл ғылыми жұмыстың басты ерекшелігі -мәліметтердің ардагердің өз аузынан жазылып алынғандығында.
Зерттеу жұмысын А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасы бойынша магистрант Әсел Құламағанбетова қорғап шықты. Автор Қасымхан Алдабергеновтің өмір жолы мен қызметі жайындағы тың деректерді архив қорларынан жинақтап, кейіпкермен тікелей жүргізілген сұхбаттар негізінде тұжырымдаған.
Диссертацияда тұлғаның балалық шағы, майдандағы ерлігі, соғыстан кейінгі ұстаздық және журналистік қызметі жан-жақты талданды.
Ғасыр жасаған заңғар тұлға бүгінгі диссертация қорғау кеңесіне арнайы өзі келді. Жиын барысында магистрант ардагердің қолына жаңа ғана қорғалған 100 беттік ғылыми еңбекті табыс етті. Жиналғандар бұл зерттеуді жалғыз тұлғаның өмір жолы емес, тұтас қазақ тарихының құнды бір бөлшегі деп бағалады.
Қасымхан Алдабергеновтің ғасырлық өмір жолы -тек бір адамның тағдыры емес, ХХ ғасырдағы тұтас қазақ қоғамының жанды шежіресі. Бүгінгі қорғалған диссертация ардагер тұлғасын отандық тарих пен ғылыми айналымға мүлдем жаңа қырынан қосты.
Ендігі кезекте, зерттеушінің бұл еңбегі отандық тарих, өлкетану және педагогика бағытындағы құнды құралға айналмақ.