Қостанайда дарынды оқушылар мен олардың ұстаздарын ұлықтауға арналған «Сен үздіксің!» атты салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Дәстүрлі іс-шараға 2025–2026 оқу жылында халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында жоғары нәтижеге қол жеткізген оқушылар қатысты. Марапатталушылар - білім мен ғылым саласындағы сан түрлі зияткерлік додаларда ел намысын қорғап, өңір абыройын асқақтатқан талантты жастар.

Дарынды жастарды қолдау, олардың жетістіктерін көпшілікке үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған салтанатты жиында 80 оқушыға ақшалай сыйлық сертификаттары табыс етілді. Бұл марапаттар оқушылардың еңбегін бағалаудың белгісі ғана емес, олардың алдағы уақытта да жаңа ғылыми ізденістерге, шығармашылық бастамаларға, білім додаларындағы жеңістерге ұмтылуына берілетін зор қолдау. Мұндай ынталандыру жас ұрпақтың өз күшіне деген сенімін арттырып, болашақта үлкен табыстарға жетуіне жол ашады.

Іс-шара барысында оқушылардың табысқа жетуіне ықпал етіп, олардың қабілетін шыңдап, білім мен тәрбие беру жолында аянбай еңбек еткен педагогтердің еңбегі де ерекше құрметке ие болады. Дарынды шәкірт тәрбиелеп, олардың халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсетуіне үлес қосқан 69 мұғалімге облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді. Бұл – ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен жанкешті еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет.