Қостанай облысында аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары қарқынды жалғасуда. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен кезекті инвестициялық кеңесте өңір үшін стратегиялық маңызы бар бірнеше ірі бастама қаралды.

Инвестициялық кеңесте өңірдегі ірі жобалар талқыланды. Жиында энергетика, өнеркәсіп, логистика және агроөнеркәсіп салаларындағы бастамалар қаралды. Қостанай ауданы мен Бейімбет Майлин ауданында «Universal Energy» компаниясы жалпы қуаты 1,2 гигабайтт болатын төрт жаңартылатын энергия жобасын жүзеге асыруда. Жобалар әртүрлі кезеңде, оның екеуі биыл пайдалануға беріледі.

Облыста жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің құрылысы. Жоба контейнерлік жүк тасымалын дамытуға бағытталған. Кешен іске қосылғаннан кейін өңірдің логистикалық мүмкіндігі артып, халықаралық жүк тасымалының жаңа бағыттары ашылады.

Облыста қайталама шикізатты қайта өңдеу бағытындағы «KST RECYCLING» жобасы да жүзеге асырылуда. Кәсіпорын жылына 30 мың тонна металл, 200 тонна пластик, 100 тонна макулатура және 1 мың текше метр ағаш қалдықтарын өңдейді. Осы арқылы 30 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны іске қосу 2026 жылға жоспарланған. Кеңес барысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту, көлік-логистикалық кешен салу, автокомпоненттер өндіру және қайта өңдеу өндірістерін ашу мәселелері көтерілді. Сондай-ақ жаңа кәсіпорындардың өңір экономикасына қосатын үлесі мен жұмыс орындарын құру мүмкіндіктері талқыланды.