Біз бұған дейінгі хабарымызда 1 шілдеден бастап электросамокат жүргізушілеріне қойылатын талаптардың күшейтілетіні туралы айтқанбыз. Осыған байланысты қостанайлық полицейлер де екі дөңгелекті көлікке көшіп, жаңа форматтағы патрульдеуді бастап кетті.
Жоба әзірге пилоттық режімде жүзеге асырылып жатыр. Қазір тәртіп сақшылары триатлон саябағы мен қалалық жағажай аумағын бақылауға алған. Полицейлердің айтуынша, самокатпен патрульдеудің негізгі мәні - адам көп жиналатын орындарда жылдам қозғалып, құқық бұзушылықты алдын алу.
Жалпы самокатпен 4 шақырымға жуық аумақ бақыланып, триатлон саябағы, «Шағала» жағалауы мен автотұрақтарды камтиды. Сонымен қатар тәртіп сақшылары электросамокат жүргізушілерінің де ережелерді сақтауларын қадағалап, алдын алу шараларын жүргізеді.
Айта кетейік, қазір бұл жобаға онға жуық полицей жұмылдырылған. Өз тиімділігін көрсетсе, техника саны көбейтілетін болады. Мұндай шаралар қоғамдық қауіпсіздікті күшейтіп, құқық бұзушылықтың алдын алуға көмектеседі.