1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай облыста түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылуда. Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауға Қостанай телеарнасы да үлес қосты. Бұл күні журналистика мектебінің оқушылары телеарнада арнайы қонақ болып, шығармашылық ұжымның жұмысымен жақынырақ танысты.
Камера, жарық шамдары, студия және тікелей эфир. Көпшілік экраннан ғана көретін дүниелер бүгін балалар үшін қолжетімді болды. Олар жаңалықтардың қалай дайындалатынын көріп, таспагерлердің жұмысын бақылап, тіпті өздері де камера алдында сөйлеп көрді.
Журналистика мектебінде білім алып жүрген оқушылардың ең кішісі небәрі 6 жаста. Жасына қарамастан ол да камерадан именбейді. Жалпы, мектеп тәрбиеленушілері тележүргізуші мен тілші мамандығының ерекшеліктерін меңгеріп, өздерін жаңа қырынан сынап жүр.