Егіс науқанының барысы, ауылдарды абаттандыру және жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.

Павлов ауылындағы агрокомпанияның ашылғанына биыл 19 жыл. Өсімдік және көкөніс егуді қолға алған серіктестіктің меншігінде 10500 гектар жер бар. Техника жеткілікті. Бүгінде диқандар жоғары сапалы минералды және органикалық тыңайтқыштарды пайдалану арқылы егіс алқаптарының өнімділігін еселеп отыр.

Көктемгі дала жұмыстары өңірде 75 пайызға аяқталды. Алдағы күндері егістікке дән толықтай себіліп бітеді. Серіктестік басшылары мем.бағдарламалар арқылы жарты жылға несиені 2,5, ал бір жылға 5 пайызбен алады.

Облыс әкімі егістен кейін ауыл орталығындағы саябақты аралады.  Жаттығу жабдықтары, футбол, балалар ойын алаңы. Бәрі ойластырылған. Оған жұмсалған қаражат 25 млн теңге. 1 мамырда басталған жұмыс 15-ші маусымда толығымен аяқталады. 20 қарағай, 100 түп терек отырғызылған. Саябақтың ортасында сахна да қойылатын болады.

Қостанай ауданында «Таза қала-таза аула» атты іс шара ұйымдастырылған. Оған барлығы 38 мың тұрғын қатысыпты. Сонымен қатар оған жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлер де өз үлестерін қосқан. Тек Павлов ауылында ғана емес, бұндай жұмыстар аудан бойынша сәтті жүзеге асып жатыр. Өңір басшысы Жуков ауылында орналасқан нысанның құрылысымен де танысты.