Биыл облыстық бюджеттің көлемі 700 миллиард теңгеден асты. Өңірде инфрақұрылымдық жобаларға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында өңірлік бюджетке енгізілген түзетулер бірауыздан қабылданды. Коммуналдық желілерді жаңғырту бағдарламаларын жүзеге асыру үшін облысқа республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінді.

Негізгі қаражат энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына бағытталады. Сонымен қатар, «Қонай» және «Береке» шағын аудандарындағы тұрғын үй құрылыстарын аяқтауға облыстық бюджеттен 3 жарым миллиард теңге қарастырылған. Әлеуметтік осал топтарға арналған пәтерлерді сатып алуға тағы 2 жарым миллиард теңгеден астам қаржы бөлінбек. Жыл соңына дейін мыңнан астам отбасы баспаналы болуы тиіс. Сессияда қаралған тағы бір маңызды мәселе – облыстың оңтүстік аудандарындағы электр желілерін жөндеу. Аймақтағы коммуникациялардың басым бөлігі өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері пайдаланылып келеді. Желілерді жаңғыртудың негізгі орталығы - Арқалық қаласы болады. Жоспарланған барлық жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін өңірге республикалық бюджеттен 5,5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді.