Қостанайда 1 маусым балалар күні орай жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен ашық турнир ұйымдастырылды. Додаға өңірдің түкпір-түкпірінен келген жүзге жуық жас спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыс барысында жас балуандар бозкілемде бар шеберліктерін көрсетіп, тартысты белдесулер көрермендердің қызығушылығын арттырды.

2014-2016 жылы туған жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен өткен бәсекенің басты мақсаты – өскелең ұрпақ арасында грек-рим күресін дәріптеп, жас спортшылардың шеберлігін шыңдау. Мамандардың айтуынша, елімізде бұл спорт түріне қызығушылық жыл сайын артып келеді. Оған халықаралық және республикалық жарыстарда топ жарып жүрген қазақстандық балуандардың жетістігі дәлел.

Турнир барысында жас балуандар бозкілемде өзара мықтыны анықтап, тартысты белдесулер өткізді. Төрелік жасаған төрешілердің сөзінше, шын мықтыны анықтау қиын. Дейтұрғанмен дараланған дарабозардың саны басым. Себебі күрес мінезділікті талап етеді.

Жарыс соңында үздік шыққан спортшылар арнайы алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай жарыстар жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттап, ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттыруға ықпал ететінін атап өтті.