Бұқаралық спортты дамыту - Мемлекет басшысы жүктеген негізгі бағыттардың бірі. Бұл ретте, аймақта жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соның дәлелі – Қостанайда өткен мектеп лигасы. Бұл жоба жасөспірімдерді спортқа баулып қана қоймай, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын ұстануына жол ашады. Осы жолы аудан, қалалардан жиналған жастар баскетболдан бақ сынасып, өзара мықтыны анықтады.

Мектеп лигасы аясында өткен бұл дода жас спортшылар үшін үлкен мүмкіндік алаңына айналды. Солардың бірі- Абылайхан Нұрсейітов. Оның айтуынша, турнирге дайындық бірнеше апта бұрын басталған. Команда ойыншылары тактикалық жаттығуларға басымдық берген.

Жарыста үздік ойын өрнегін көрсеткен командалар іріктеліп, финал кезеңіне төрт команда жолдама алды. Олар чемпиондық атақ үшін бақ сынасты. Ойындар аса тартысты өтіп, әр ұпай үшін қызу күрес байқалды.

Айта кету керек, мектеп лигасы аясында бұған дейін футзалдан да жарыстар ұйымдастырылған болатын. Бұл бастама оқушылар арасында кең қолдау тауып, бұқаралық спорттың дамуына серпін беріп отыр. Қазіргі таңда мұндай жобалар өңірдің барлық білім беру мекемелерінде белсенді түрде жүзеге асуда.