Қазақтың төл спорты - асық ату бүгінде жаңғырып, ұлттық рухты дәріптейтін маңызды ойындардың біріне айналды. Осы бағытта БАҚ өкілдері арасында дәстүрлі түрде ұйымдастырылған жарыс биыл да жоғары деңгейде өтті. Сайысқа Қазақстан журналистер одағы Қостанай филиалы мен Қостанай таңы газеті бастамашы болды

Бұл жолы мергендік пен ептілікті сынға салған додаға 7 команда қатысып, 20-дан астам қатысушы өз бақтарын сынады. Қалам ұстаған журналистер бұл күні микрофонды шетке қойып, асықты дәл көздеп, нағыз спортшыларша сайысқа түсті.

Жарыс барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша бақ сынады. Әр ойыншының шеберлігі, дәлдігі мен тактикасы сынға түсіп, тартысты бәсеке орын алды. Көпшіліктің қызығушылығын арттырған ойын ұлттық нақышта ұйымдастырылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстардың басты мақсаты – ұлттық спортты насихаттау ғана емес, БАҚ өкілдері арасындағы байланысты нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру.