Жітіқарада былғары қолғап шеберлері өзара мықтыны анықтады. Дәстүрлі турнир Кеңес одағының батыры Естай Есжановты еске алуға арналды. Бұл жарыс - тек спорттық дода ғана емес, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық тарихи тұлғаны ұмытпауға бағытталған тағылымды шара. Рингке шыққан әрбір жас былғары қолғап шебері жеңіске деген жігерімен қатар, батыр рухына тағзым етті.
Естай Есжанов соғыс жылдарында Бахмач жеңіл артиллерия бригадасының 206-полкі құрамында майдан даласында шайқасқан. Гвардияның кіші сержанты атанған Есжанов Днепр өзенінің батыс жағалауындағы ұрыстардың бірінде жаудың 3 танкісін, қару-жарақ тиелген 7 көлігін және бір батальонға жуық жаяу әскерін жойған. 1944 жылы Висла өзенінен өту кезінде батырлықпен қаза тапқан қаһарманды спортшылар бір минут үнсіздікпен еске алысты.
Жарысқа облыстың 11 ауданынан 170-тен астам былғары қолғап шебері жиналды. Ашылу рәсімінде аудан басшысы мен турнирді қолдаушылар сөз алып, жас спортшыларға сәттілік тілеп, болашақ чемпиондарға ақ жол тіледі.