Елорда төріндегі Ұлттық академиялық кітапханада әдебиет пен ғылымды қатар өрген көрнекті ақын, ыбырайтанушы ғалым Серікбай Оспановтың «Сарқылмас кеудем менің – ойдың кені» атты шығармашылық кеші өтті. Кешті ақынның тәлімін көрген шәкірттері ұйымдастырды. Елімізге белгілі қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері, ақынның замандастары жиналып, рухани басқосудың шырайын аша түсті.
Ұстазға деген құрметтің айқын белгісіндей шәкірттері иығына ақ шапан жауып, жүрекжарды лебіздерін ақтарды. Шынайы көңілден шыққан ізгі тілектер мен ақжарма алғыстар кештің көркін келтіріп, рухани мазмұнын тереңдете түсті. Ал қаламдас достары Серікбай Оспановтың сөз өнеріндегі өзіндік қолтаңбасын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, олар ақынды ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринді тұңғыш зерттеген ғалым ретінде құрметтейтінін жеткізді.