Қостанайда «Кітап оқитын ұлт» жобасының үздіктері анықталып жатыр. Бүгін Жастар сарайында «Кітап оқитын педагог» бағыты бойынша облыстық кезең өтті. Оған өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған 40-қа жуық ұстаз қатысты.

Жастар сарайына жиналған мына ұстаздар көптің ішінен суырылып шыққан үздіктер. Олар «Кітап оқитын пегагог» санаты бойынша 15 кітаптан оқып, аудандық, қалалық кезеңнен сүрінбей өтті. Қорытынды квизге жолдама алды. Бүгін білімдерін тағы бір мәрте сарапқа салып, зияткерлік деңгейлерін көрсетіп жатыр. Ұйымдастырушылардың сөзінше, «Кітап оқитын ұлт» жобасының бұл санатына барлығы 7 мыңнан аса ұстаз қатысуға өтінім берген.

Интеллектуалдық додада 13 команда бас сынады. Әр құрамада үш ұстаздан. Думан Сайын – Ыбырай Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында технология пәнінен сабақ береді. Бала күнінен кітапқа құштар. Осыған дейін «Оқы және жең» байқауына да қатысып, жүлдегер атанған. Тырнақалды жобаның да оқу мәдениетін дамытуға зор үлес қосып жатқанына сенімді.