Көктемнің әр күні жылға азық. Өңір диқандары дала жұмыстарына қызу дайындық үстінде. Жаңа технологияларды қолдану - мол әрі сапалы өнімге кепіл екенін Әулиекөл ауданының шаруалары да жақсы біледі. Көктал ауылындағы «Хасенов Ғазиз Сүлейменұлы» қожалығы да техникасын жылма жыл жаңартып отырады. Биыл «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы кепілсіз қажетті құрал-саймандарын қамдап, науқанға сақадай сай отыр.
Дән сіңіру жұмыстарын оңтайлы мерзімде аяқтау, топырақ құнарлығын арттыру, өндірістің озық технологияларын енгізу, тыңайтқыштарды пайдалану. Егіс алқаптарында осындай кешенді шараларды жүйелі түрде орындау - астық өндіру көрсеткішін жақсартады. Ал, сайлы техника – сапалы өнім кепілі екені айтпаса да түсінікті. Шаруа қожалығы биыл «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы 469 млн теңге несиеге екі жаңа комбайн, қытайлық компаниядан төрт трактор және екі астық таситын жүк көлігін сатып алған. Бригадир Марат Қанарбаев жаңа жабдық шаруашылық қызметкерлерінің жұмысын жеңілдеткенін атап өтті.