Қостанай облысында биыл көші-қон бағдарламасы аясында бөлінген квоталардың басым бөлігі игеріліп отыр. Жыл басынан бері Тобыл-Торғай өңіріне 199 қандас қоныс аударған. Олардың басым бөлігі Өзбекстан мен Ресейден келген.
2026 жылы өңірге 200 қандас пен еңбек күші артық аймақтардан 485 қоныс аударушыны қабылдау жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 адамға артық көрсеткіш. Квота облыстың қала-аудандары арасында бөлініп, Рудный қаласына 111 қандасты қабылдау міндеті жүктелсе, қалған 89 орын өзге өңірлерге қарастырылған. Ал ішкі қоныс аудару бағдарламасы бойынша 485 адамды қабылдау көзделген. Мамандардың айтуынша, бағдарламаға қатысушыларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, әрбір отбасы мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы көшу субсидиясы беріледі. Сонымен қатар бір жылға дейін тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер шығындарын өтеу үшін 15-тен 30 айлық есептік көрсеткішке дейін қаржылай көмек қарастырылған. Бұдан бөлек, бағдарлама аясында қоныс аударушылар қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтіп, тұрақты жұмысқа орналасуға немесе жеке ісін бастауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу үшін арнайы сертификаттар ұсынылады. Қалалық жерлерде баспана ипотека арқылы рәсімделсе, ауылдық жерлерде қолданыстағы тәртіп сақталады. Жалпы, тәуелсіздік жылдарынан бері елімізге 1 миллионнан астам этникалық қазақ тарихи Отанына оралған. Бұл үрдіс өңірлердің демографиялық және экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп келеді.