Соңғы жылдары облыс аумағында қыздар арасында футбол ойыны қарқынды дамып келеді. Осы ретте, Қостанайда бұрымдылар арасында футбол фестивалі өтті. Сайысқа 7 мен 12 жас аралығындағы 50 жас спортшылар қатысып, жасыл алаңда өз шеберліктерін көрсетті.
Сайысқа қатысушылар арасында ала доп ойынымен бірнеше жылдан бері тұрақты түрде айналысып жүрген оқушы қыздар да бар. Фестивальде жергілікті клубтың тәрбиеленушілері бақтарын сынады. Ұйымдастырушылар - Тобыл футбол клубы.
Фестивальге балаларын қолдап келген ата-аналар да олардың спортқа деген қызығушылықтарын жоғары бағалап, мұндай шаралардың өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыруға үлкен ықпал ететінін атап өтті. Олар балалардың белсенді өмір салтын ұстануына жағдай жасап, болашақта жетістікке жетуіне осындай жарыстардың маңызы зор екенін алға тартты.