Қазақ халқының рухани мұрасында айтыс өнерінің алатын орны орасан зор. Сол дәстүрді жалғастырып, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын «Жас тұлпар» облыстық оқушылар айтысы – дарынды жастардың шығармашылығын шыңдайтын маңызды мәдени іс-шаралардың бірі. Биыл отыз төртінші рет өткізіліп отыр. Таңдалған тақырып – Тобыл өңірінің 90 жылдығы.

Бұл айтыс – тек сөз сайысы ғана емес, жас ақындардың тапқырлығы мен шешендігін, білімін, елге деген сүйіспеншілігін танытатын үлкен сахна. Оқушылар домбыраның күмбірімен суырыпсалма өлең айтып, заманауи тақырыптарды қозғай отырып, ұлттық дәстүрді жаңғыртады. Айтыс барысында қатысушылар өзара әзіл-қалжыңмен қағысып, қоғамдағы өзекті мәселелерді де көтереді.