Математика және информатика пәндері бойынша өткен кезекті республикалық олимпиада бұл жолы да білім мен зерденің бәсекесіне айналды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды оқушылар екі күн бойы терең ойлауды, ұшқыр қиялды және жоғары деңгейдегі логиканы талап ететін күрделі тапсырмалармен бетпе-бет келді. Бұл білім бәйгесі озат оқушылардың тек теориялық дайындығын ғана емес, олардың сыни ойлау қабілеті мен табандылығын да айқындады.

Еліміздің 23 өңірінен жиналған 300-дің сыртындағы жоғары сынып оқушысы өзара бақ сынасып, математика мен бағдарламалау әлеміндегі шеберліктерін паш етті. Олимпиада тапсырмалары мазмұны жағынан терең, құрылымы жағынан қызықты боп, қатысушыларға ерекше серпін берді. Әрбір есеп — ойға ой қосатын, ізденіске жетелейтін зияткерлік сынақ болды.