Қостанай облысында қалың қар мен боран салдарынан іздестіру және құтқару жұмыстары жүргізілді. Құтқарушылар қар құрсауында қалған адамдарды аман-есен эвакуациялады.

7 наурыз күні түске дейін 1978 жылы туған ер адам Науырзым ауданы Қарасу ауылы аумағына жылқыларын іздеуге Мереке ауылынан қар көлігімен шыққан. Күн батқан кезде ол SMS хабарлама арқылы көлігінің бұзылғанын және нақты орналасқан жерін анықтай алмай отырғанын хабарлаған. Іздестіру шараларына жоғары өтімді техника мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы да жұмылдырылды. Құтқарушылар алдымен қар көлігін тауып, әуеден байқалған іздерге сүйене отырып, ер адамды Алтынсарин ауылынан 11 шақырым жерде жазық далада тапқан. Оған медициналық көмек қажет болмады, азамат елді мекенге жеткізілген. Сонымен қатар, облыстық «Қостанай – Введенка» автожолында қатты боран мен қар үйінділері бірнеше автокөліктің жолда қалып қоюына себеп болған. Павлов ауылының маңына келген құтқарушылар қар құрсауында қалған көліктерді байқайды. Төтеншеліктер кішкентай баласы бар әйелді эвакуациялап, оларды аман-есен Қостанай қаласына жеткізді. Қалған адамдар ауа райының жақсаруын өз көліктерінде күтуді жөн көрген. Кейін Майалап ауылы маңында тағы бір құтқару операциясы жүргізілді. Қалың қар үйінділерінің салдарынан 7 автокөлік кептелісте қалып, олардың ішінде 17 адам болған. Құтқарушылар мен жеке ұйымның арнайы техникасының көмегімен жол тазартылып, адамдар қауіпсіз жерге жеткізілді.