Қостанай облысында спорт мектебіне 18 мың бала барса, соның тек 1300-ге жуығы қысқы спорт түрімен айналысады. Себебі қымбат. Ал биылдан бастап жаңа стандарт бойынша әр баланы қаржыландыру жүйесі енгізіледі.
Бүгінде №3 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде 4 пен 17 жас аралығындағы 50-ге жуық бала жаттығады. Алғашқы екі жыл мұз үстіне нық тұрып, еркін сырғанауды үйренеді. Әлі мектеп жасына жетпеген бүлдіршіндер тәртіп пен талапты осы жерде ұғынады.
Алайда ата-аналардың айтуынша, балалар айналысатын қысқы спорттың дені қалтаға әжептәуір салмақ салады. Үйірменің ай сайынғы ақысы мен керек-жарағына үнемі қаражат қажет.
Сондықтан биыл қаржыландырудың жаңа жүйесі қаралып жатыр. Енді қаражат спорт мектептеріне әр бала үшін беріледі. Яғни көлемі едәуір артады. Мысалы, 2025 жылы өңірге бюджеттен 16 млрд теңге бөлінсе, оның тек 45 пайызы балаларға бағытталған. Ал өңірдегі 30 спорт мектебі 18 мыңға жуық баланы қамтып отыр.