Қостанайда көктем мерекелерін кең көлемде атап өту жоспарлануда. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай бірқатар салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Сан салада табысты еңбек етіп жүрген бұрымдыларға құрмет көрсетіліп, мәдениет ошақтарында концерттік бағдарламалар ұсынылмақ. Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз мейрамы да жоғары деңгейде тойланады. Орталық алаңда ұлттық құндылықтар насихатталып, киіз үйлер тігіліп, жергілікті халық пен қала қонақтары наурыз көжеден дәм татады. Ұлттық спроттан жарыстар өткізу көзделуде. Мерекелік іс-шаралар жоспары қалалық әкімдік отырысында жарияланды.

Қала әкімінің орынбасары Мәжит Шүленовтың айтуынша, қос мереке қарсаңында шаһардың барлық мекемелерінде, кәсіпорындары мен білім беру ұйымдарында игі дәстүр бойынша іс-шаралар легі жоспарланған. Мәселен, 5- наурызда «Мирас» мәдениет сарайында Астана қаласынан белгілі қазақстандық орындаушылардың қатысуымен «Нәзік жандарға арнау» мерекелік концерттік бағдарламасы өтеді.

8- наурыз күні сағат 17:00-де қазақ драма театры әртістері тұрғындарды «Біз туралы» атты поэзия кешіне шақырады. Спектакльдер мен концерттер туралы толық ақпарат мәдениет мекемелерінің интернет-ресурстарында және әлеуметтік желілерде жүктеледі. Ал Ұлыстың ұлы күні биыл үшінші жыл қатарынан Наурызнама онкүндігі тұжырымдамасына сай өтпек. 14-23 наурыз аралығында әр күнге атау беріліп, түрлі жанрда 70 іс-шара ұйымдастырылмақ.