Биыл екі ай ішінде Қостанай облысында құтыру дертінің үш ошағы анықталған. Бұл аса қауіпті індет Қарабалық, Сарыкөл және Ұзынкөл аудандарында тіркеліпті. Ал былтыр дәл осы уақытта бір ошақ қана анықталған еді.

Құтыру дерті негізінен үй жануарларына жабайы аңдардан жұғады. Ал соңғы кезде түлкі, қарсақ, сілеусін сынды түз тағыларының елді-мекендерге кіріп кетуі жиіледі. Мамандар бұған олардың шектен тыс көбеюі де себеп екенін айтады. Қостанай облысында үй жануарларына аса қауіпті деген 12 індетке қарсы екпе жүргізіледі. Соның ішінде биыл құтырмаға қарсы екпе екі есеге көбейіп, 400 мың дозаға жетті. Яғни, аймақтағы түліктің 80 пайызына вакцина салынады. Сонымен қатар жабайы аңдарды да құтырмаға қарсы вакциналау үшін 230 мың доза сатып алынған. Брикет түріндегі бұл препараттарды жабайы аңдар жеуі үшін олардың жүретін жолына тастайды. Мамандар «түз тағысының елді-мекенге кіргенін байқаған тұрғындар бірден жергілікті әкімдіктерге немесе ветеринар мамандарға хабарласуы керек» - дейді. Бұл жедел түрде қауіптің алдын-алуға мүмкіндік береді. Қазір аймақтағы эпизотикалық тұрақтылықты сақтау үшін бірқатар шектеу шаралары енгізілген.