Аят» автокөлік өткізу пунктінде Қазақстаннан Ресейге түсті металдардың сынықтарын заңсыз әкету әрекеті әшкереленді. Жүктің құны - 15 млн теңге.

Шекарашылар Renault жүк көлігін тоқтатқанда, тасымалдаушы көлік құралы жүксіз екендігі жөнінде құжат ұсынған. Алайда тексеру кезінде автокөліктен жасырылған 4 тоннаға жуық түсті металл қалдықтары мен жез радиаторлары табылды. Алдын ала мәлімет бойынша жүктің құны шамамен 15 миллион теңге. Тексеру барысында жүктің мұқият жасырылғаны анықталды. Жүргізуші цистернаның алдыңғы бөлігіне қосымша қақпақты дәнекерлеп, металды жасырған. Тексеруді шекарашылар мен Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері жүргізді. Қазір тәркіленген жүк сараптамаға жіберілді. Барлық процессуалдық рәсімдер аяқталғаннан кейін іс материалдары сотқа беріледі. Айта кетейік, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бұйрығы бойынша елімізде металл сынықтары мен қалдықтарын әкетуге тыйым салу уақыты ұзартылды.