Президенттің тапсырмасын жүзеге асыру аясында еліміздің транзиттік әлеуетін нығайту мақсатында «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, жаңа теміржол желілерін салу, сондай-ақ республика бойынша 125 вокзалды қайта жаңғырту жоспарға енгізілген. Осы маңызды жобалар тізімінде Тобыл өңірі де бар. Бүгінде Әулиекөлдегі Құсмұрын мен Аманқарағай бекеттері жаңартылып болды. Аталған жұмыстар облыс көлемінде әлі де жалғасуда. Қостанай вокзалын жаңғырту барысымен аймақ басшысы танысты.
Жазда басталған жұмыс бекітілген кестеге сай жүргізіліп, бүгінде құрылыс-монтаж шаралары 44% орындалды. Қайта жаңғырту нәтижесінде ғимараттың жалпы аумағы 7,4 мың шаршы метрден 10,4 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды. Қазіргі таңда демонтаж жұмыстары 98%-ға аяқталды. Жаңарған теміржол вокзалында тұрғындар қолайлылығы үшін лифт және эскалатор орнатылады.