Негізгі Жаңалықтар Табысты уәде еткен тұзақ

Табысты уәде еткен тұзақ

Алаяқтар азаматтардың сеніміне кіру үшін түрлі айлаға барады. Бірі жоғары табыс уәде етсе, енді бірі таныс адамның атынан хабарласып, ақша сұрайды. Жалған инвестициядан бастап, телефонға келген кодты айтқызуға дейінгі тәсілдердің мақсаты бір – азаматтың ақшасына қол жеткізу.

Облыста жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 900 дерегі тіркелген. Қылмыстың кең тараған тәсілдерінің бірі – азаматтарға жоғары табыс уәде ететін жалған инвестициялық ұсыныстар. Мұндай жарнамаға сенген тұрғындар кейде тірнектеп жинаған қаражатынан түгелдей айырылып жатады.

Жалған инвестициялық ұсыныстардың басты белгісі – қысқа уақытта мол пайдаға кенелуге уәде беру. Алайда мұндай жарнаманың артында алаяқтар тұруы мүмкін. Сондықтан ақша салмас бұрын ұсыныстың заңдылығын тексеріп, ақпараттың сенімді дереккөзден алынғанына көз жеткізу қажет.

Оңай олжаға кенелсем ұмтылыс кейде адамды ойланбай шешім қабылдауға итермелейді. Бизнес-тренердің айтуынша, инвестиция – бір күнде байып кетудің жолы емес, ұзақ мерзімді жоспарды қажет ететін құрал. Сондықтан тұрақты табысы күнделікті қажеттіліктерге ғана жететін азаматтар алдымен ақшасын тиімді басқаруды үйренгені жөн.

Өткен жылы облыста 1200-ге жуық интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Ал биыл жыл басынан бері 900 жағдай анықталған. Қылмыстың алдын алу үшін халықтың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттырумен қатар, қаржы ұйымдарының жұмысы да маңызды. Банктер күмәнді операцияларды бақылап, клиенттердің қаражатын қорғауға бағытталған іс- шаралар жүргізеді.

Бір жағдайда банк қызметкерінің қырағылығы тұрғынның ақшасын сақтап қалуға көмектескен. Алаяқтардың нұсқауымен ақша аудармақ болған азаматтың әрекеті күдік тудырған. Қызметкер бұл туралы полицияға хабарлап, қаражаттың алаяқтардың қолына түсуіне жол бермеген.


Бөлісу