Жас көшбасшылар – заңды қоғамның негізі
«Жас көшбасшылар – заңды қоғамға» тақырыбында жастар форумы өтті. Республика күні қарсаңында және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған іс-шараға өңірдің жас көшбасшылары қатысып, азаматтық жауапкершілік, құқықтық мәдениет және көшбасшылық қасиеттерді дамыту мәселелерін талқылады. Форумның мақсаты – заңды құрметтейтін, өз ұстанымы бар және қоғам өміріне белсенді араласатын жас буын өкілдерін қалыптастыру.Қостанай облысында оқушылардың көшбасшылық қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазір өңірдегі 393 мектепте оқушылар парламенті жұмыс істейді. Олардың құрамында 43 мыңнан астам бала бар. Жас белсенділердің жетістіктері республикалық деңгейде де мойындалып келеді. Мәселен, 2025 жылы Қызылордада өткен байқауда Заречный жалпы білім беретін мектебінің оқушылар парламенті «Ең үздік әлеуметтік жоба» номинациясын жеңіп алды.Жиында қатысушылар көшбасшылық дағдыларын ортаға салып, көпшілік алдында сөйлеу мен қатарластарын ортақ іске жұмылдыру тәжірибесін талқылады. Өз кезегінде жас белсенділер бұл мүмкіндікті басқа оқушыларды қоғамдық жұмыстарға тарту үшін пайдаланды.Құқық қорғау саласына қызығатын оқушылар үшін көшбасшылықтың тәжірибелік қыры да бар. «Жас сақшы» полицейлік сыныбында оқушылар дайындық кезінде өзара үйлесімді әрекет етуге және топ алдындағы міндеттерді орындауға машықтанады.Форум жас буынның қоғамдық өмірдегі рөлін айқындап, бастамаларын жүзеге асыруға жол ашты. Осындай алаңдарда жиналған тәжірибе жастардың болашақта жауапты шешім қабылдап, ел игілігіне бағытталған жобаларға атсалысуына негіз болады.