Есірткі қылмысна қарсы күрес жалғасуда
Қостанайда есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр. Полиция қызметкерлері мен еріктілер қала көшелеріндегі есірткі жарнамаларын өшіріп, заңсыз әрекеттердің жолын кесуге атсалысуда. Ал облыста жыл басынан бері есірткі заттарын жасырын орындарға қалдырумен айналысқан оннан астам адам ұсталған. Олардың кейбірі бұл іске интернеттегі хабарландырулар арқылы тартылған.
Есімін жарияламауды өтінген жазасын өтеуші небәрі 22 жаста. Екі жыл бұрын оңай ақша табуды көздеп, есірткіні жасырын орындарға қалдырумен айналысқан. Алайда жеңіл табысқа қызыққан оның бұл әрекеті темір торға тоғытылуымен аяқталды. Қостанайдағы №38 мекемеде есірткі қылмысына байланысты сотталған жүзден астам азамат жазасын өтеп жатыр. Олардың арасында шалыс басқан өрімдей жастар да бар.Қостанай облысында жыл басынан бері есірткі заттарын жасырын орындарға қалдырумен айналысқан 15-ке жуық адам ұсталған. Құқық қорғау органдары мұндай заңсыз әрекеттердің жолын кесу бағытындағы тиісті жұмыстарды жалғастырып жатыр. Өңірде есірткі қылмысының алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізіледі. Оның ішінде заңсыз жарнамаларды жою жұмыстары да бар. Жалпы, жыл басынан бері облыста 720-ға жуық профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған. Мамандар мұндай жұмыстардың басты мақсаты — жастардың есірткі қылмысына тартылуына жол бермеу екенін айтады.