Ұлт руханиятының қос тірегі
Ыбырай Алтынсариннің туғанына биыл 185 жыл. Ал қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақын Мариям Хакімжанованың туғанына 120 жыл. Қос тұлғаның мерейтойы Алтынсарин ауданында кеңінен аталып өтті. Тағылымды іс-шара аясында ас беріліп, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
Алтынсарин ауданында қос тұлғаның мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті. Щербаков ауылында аудан тұрғындары мен қонақтарына арнап концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, киіз үй тігілді. Келушілер ән тыңдап, өлкенің бай мұрасымен танысты. Ұлы тұлғалардың мәңгілік мұрасын ұрпаққа үлгі етуге бағытталған іс-шара аудан әкімінің құттықтау сөзімен басталды.
Қонақтары арнайы тігілген киіз үйлерді аралап, ауданның тарихы мен бүгінгі жетістіктерін бағамдады. Мұнда көне жәдігерлер мен ерте замандарда тұрмыста қолданылған бұйымдар көрмеге қойылды. Сонымен қатар, Ыбырай Алтынсарин мен Мариям Хакімжанованың өмір жолы һәм шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталды. Тағылымды басқосу қос тұлғаның қайраткерлігін ұлықтап, олардың өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа танытуға бағытталды.
Іс-шара Мариям Хакімжанова атындағы Щербаков жалпы білім беретін мектебінде жалғасын тапты. Мұнда қос тұлғаның рухына бағышталып ас берілді. Басқосуға белгілі тұлғалардың ұрпақтары, тарихшылар, олардың шығармашылығын қадір тұтатын азаматтар мен ағартушы жолын жалғастырып жүрген ұстаздар жиналды.
Мектепте Ыбырай Алтынсарин мен Мариям Хакімжановаға арналған музей бар. Онда тарихи құжаттардың көшірмелері, тұрмыстық бұйымдар мен өткен дәуірден сыр шертетін жәдігерлер сақталған. Әр экспонат сол кезеңдегі тұрмыс-тіршілікті суреттеп қос тұлғаның тарихтағы орнын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Ағартушының немере туысы Қарлығаш Апенова бірнеше буынды қамтитын, ұзындығы бірнеше метрге жететін шежіре құрастырып, әулеттің таралу тарихын жинақтаған. Онда ұрпақтар сабақтастығы мен әулет тарихы көрініс тапқан.
Жалпы, аудан орталығында өткен іс-шара күні бойы жалғасты. Мереке аясында спорттың бірнеше түрінен жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылар өзара бақ сынады.
Осылайша, Алтынсарин ауданында өткен тағылымды іс-шара қос тұлғаның мол мұрасын ұлықтап, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеді. Мерейтой аясындағы мәдени және спорттық сайыста аудан тұрғындарын бір арнаға тоғыстырып, тарихи құндылықтарды насихаттауға жол ашты.