Негізгі Жаңалықтар Жастар экологиялық білімдерін сынады

Жастар экологиялық білімдерін сынады

Қоршаған ортаны қорғау, табиғи байлықтарды сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Әсіресе, жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық сауаттылығын қалыптастыру аса маңызды. Осы мақсатта жастар арасында «Эко Quiz» зияткерлік ойыны өтті. Лев Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ұйымдастырылған сайысқа жеті команда қатысып, 30-ға жуық студент өзара бақ сынады.


Облыста алғаш рет ұйымдастырылған экологиялық зияткерлік ойын «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жастардың қоршаған ортаны қорғау ісіне белсенді араласуына жол ашады.

Ойын бірнеше кезеңнен тұрады. Әр айналымда командаларға экология, табиғи ресурстар, қоршаған ортаның ластануы және табиғатты қорғау жолдарына қатысты сұрақтар қойылып, әрбір дұрыс жауап берген команда қоржынына ұпай қосылады.

Қоқысты сұрыптау, суды үнемдеу, ағаш отырғызу және қоршаған ортаны таза ұстау сияқты қарапайым әрекеттердің өзі табиғатты сақтауға зор үлес қосады. Ал экологиялық білім осы әдеттерді қалыптастыруға негіз болады. «Эко куиз» зияткерлік ойыны жастардың білімін толықтырып, табиғатқа жанашырлықпен қараудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.



Бөлісу