Қостанайда 100 жеміс ағашы отырғызылды
Қостанайда жеміс бақтарының қатары көбейіп келеді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті аумағына 100 жеміс ағашының көшеті отырғызылды. Экологиялық іс-шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясындағы «Менің аулам – менің бағым» облыстық жобасы бойынша ұйымдастырылды. Бастама оқу орнының аумағын көгалдандырып, жастардың табиғатқа деген жанашырлығы мен экологиялық жауапкершілігін арттыруды көздейді.
Университет аумағына алма, алмұрт және қара өрік көшеттері отырғызылды. Алдағы уақытта алма ағашының бес сұрпын егу көзделген. Көшеттердің бір бөлігі студенттер жатақханасының маңына да егілді. Жобаның мақсаты тек аумақты көгалдандырумен шектелмейді. Ең маңыздысы – ағаштардың жерсініп, өсіп-жетілуіне жағдай жасау. Сондықтан келесі көктемге дейін отырғызылған көшеттердің кемінде 80 пайызының сақталуына басымдық берілмек.
Отырғызылған көшеттердің жайқалып өсуі үшін тұрақты күтім қажет. Бұл іске ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің мамандары мен студенттер жұмыла кіріспек. Көктем мен жаз мезгілінде ағаштардың айналасы арамшөптерден тазартылып, топырағы қопсытылады. Сондай-ақ көшеттер уақытылы суарылып, тыңайтқыштармен қоректендіріледі.
Жеміс бағын күтіп-баптау жұмыстары ғылыми бақылаумен де ұштасады. Биология, экология және химия кафедрасының мамандары ағаштардың өсуі мен дамуын бақылап, олардың өнімділігіне әсер ететін жағдайларды зерттемек. Осылайша, университет аумағындағы бақ студенттер үшін тәжірибе алаңына айналып, экологиялық білімдерін жетілдіруге мүмкіндік береді.