Бүгін – Құрылтай сайлауы
Бүгін, 23 тамызда, Қазақстан тарихында алғаш рет жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Еліміздің барлық өңірінде сайлау учаскелері ашылып, дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Қазақстан аумағындағы барлық сайлау учаскелері дауыс беру үшін ашылды. Олар сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. 107 сайлау учаскесі бір сағат бұрын — таңғы 6:00-де ашылды. Олардың 79-ы шетелде, 61-і елдегі дипломатиялық өкілдіктері жанынан орналасқан. Олардың қатарында Жапония мен Оңтүстік Кореядағы сайлау учаскелері бар. Бұл елдердегі учаскелер Астана уақытымен түнгі сағат 3:00-де жұмысын бастады. Ал ең соңғы болып Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулдығы жанындағы сайлау учаскесі ашылады. Ол Астана уақытымен сағат 19:00-де жұмысын бастайды. Сонымен қатар әскери бөлімдерде, үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орындарында, вахталық кенттерде, демалыс үйлері мен санаторийлерде, ауруханаларда және басқа да осындай нысандарда орналасқан кейбір сайлау учаскелерінде дауыс беру тізімге енгізілген барлық азамат дауыс беріп болған жағдайда, учаскелік комиссия дауыс беруді кез келген уақытта аяқтай алады. Қазақстандықтар сайлауға қатысып отырған жеті саяси партияның біріне дауыс береді. Сайлау қорытындысы бойынша депутаттық мандаттар заңда белгіленген сайлау шегінен өткен партиялар арасында бөлінеді.