Мемлекеттік қолдау тетігі – кәсіпті дамытуға серпін
Биыл облыста әлеуметтік осал топтағы азаматтарға кәсіп бастау үшін 118 қайтарымсыз грант берілді. Көлемі 400 АЕК болатын мемлекеттік қолдауға қызығушылық жыл сайын артып келеді. Қаржылай көмек алған тұрғындар қаражатты көбіне тігін цехын ашуға, жартылай фабрикат өндіруге, мал шаруашылығы мен жылыжай кәсібін дамытуға бағыттауда.
Үшінші топтағы мүгедектігі бар Гүлнәр Кулачинская кәсіп ашып, ауласындағы жылыжайда қияр өсіріп отыр. Дайын өнімді жергілікті сауда орындарына өткізеді. Кәсібін кеңейтіп, жыл бойы өнім өндіру үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алған. Ол қаржыға жылу желдеткіштерін сатып алып, қыста да жұмыс істеуге жағдай туғызған. Бүгінде Гүлнар кәсібін тұрақты табыс көзіне айналдырған.